Дәулет Халықұлының орындауында өз күйі «Ауылым»

Қазақ күйінің мәңгілік «Дәулеті» 

(күйші Дәулет Халықұлын еске алғанда)

Осыдан 21 ғасырдың алдында Сары өзен алабында күй төккен Саймақтан бері домбыра сазы, бірде төкпелеп, бірде шертпелеп, ғасырлар арасын үнімен жалғап бүгінге жетті. Сол қара домбыраның бағына туған тұлғалар Құрманғазы, Бейсенбі күйлерінің жетелі шәкірті Дәулет Халықұлы 1939 жылы ақпан айында Шіңгіл ауданына қарасты, қос Шіңгіл өзенінің қосылған жері, Қарағаш қонысында, ел иесі Халық зәңгі шаңырағында өмір есігін ашады.

Балғын сәбидің құлағына қос өзеннің сарыны, қос ішектің сазы боп жетті ме кім білісін, бес жасында-ақ қара домбыраның құлақ күйін келтіріп, неше ондаған күй шерте бастаған Дәулет Халықұлы бастауш мектеп партасында «Бала күйші» атанып, арайлап атқан азаттық таңымен бірге өнердің талғар шыңына қанат қағады.

1958 жылы, он жеті жасында Іле қазақ автономиялы обылыстық ән-би үйірмесіне музикант болып қабылданған Дәулет Халықұлы ұлт аспаптар оркестірінің құрамында домбыра, рауап, скрипка қатарлы аспаптардан нақышына келтіре саз төгіп, қалың қауымның ыстық ықыласына бөленеді. Жуңго қазақ күй өнерін жаңа бір белеске көтерген күйшілер Алыпбек Мәлікұлы мен Тайыр Белгібайұлына төл шәкірт болып, орындаушылық өнерін онан ары шыңдай түседі. Бабына келген жүйріктей көсіле шапқан күйшіні, 1965 жылдан басталған аласапыран жылдардың қара бораны үйірінен адастырып, Шіңгіл ауданының Аралтөбе ауылынан бірақ шығарады. Ауыр Еңбекке шегіліп, сазға біткен саусақтарды кетпен мен күрек қажап, домбыраның орнына шопан таяғын ұстап айдауда кете барады.

Айдауда, күй шектелген, шертілмейді,

Үміткер көңіл ғана елпілдейді.

Күйшінің жүдеу жаны қунап бір сәт,

Күйдің пәк аспанында еркіндейді.

Бүркіттей қырау қабақ, отыр күйші,

Жылдарды күймен жылтып ең сүркейлі.

Бір ішек иіріміне тартса шым-шым,

Бір ішек өрге сүйреп, серпіл, -дейді.

Кезектеп оң бұрауын, сол бұрауын,

Күйші әлек, күймен емдеп жан жылауын.

Тылсым күй жанды жаулап, буынды алған,

«Ын».

Домбыра күрсінеді, толғайды арыдан,

Өмірдің жан бұрауын, қан бұлауын.

Батар күннің атар таңын ұзақ тосқан адуын күйші, 1975 жылы ел ағасы Жанәбіл Сымағұлұлының ерекше қамқорлығында, өнер ордасы Іле қазақ автономиялы обылстық ән-би үйірмесіне оралып, сағынған домбырасымен қайта қаушады. Өнердің осы қара шаңырағында 1986 жылға дейін бас домбырашы болған Дәулет Халықұлы халқымыздың сазгерлік өнерін, көне сарын, әуен-ырғақтарды терең түсініп, өз бояуында мұратына жеткізе шертті. Туған жер, ана отан, сұлу табиғат, шат заман, еңбекшіл ел рухы оның саусақтарынан күй болып өріліп жатты. Көл-көсір халық күйлерін, шалаптың «Зәурен-айын», наубалдың «Төрт жаяуын» бала шағында-ақ, шерте білген бал бармақ күйші, бейсенбінің «Кеңесін» жалғап, Қайрақбайдың «Молқоңырын» нар бабына келтірді. Қожекенің «Кертолғауын» көкжиекке оздырып, мүкейдің «Қосбасарын» әсемдеп, ашымның «Жастар салтанатына» сән қосты. Алыпбектің «Малды ауылын» думандатып, тайырдың «Ақаралын» арманына жеткізді. Кеңес басы», «Саржайлау», «Балбырау» 1986 жылдан кейін Іле қазақ автономиялы обылстық мәдениет көркемөнер зерттеу орнында қызметкер, Күйтің көркемөнер мектебінде оқытушы болған Дәулет Халықұлы күй өнерінің қамқоры ғана емес, қыруар Шәкірт Тәрбиелеген ұлағатты ұстазда болды. Оның алдынан түлеп ұшқан шәкірттердің алды бұл күнде қара домбыраның серігі боп, күй өнеріміздің бағын жандырып еліміздегі және халықарадағы үлкен сахналардан бой көрсетті.

Саусағы ғана емес, саналы ғұмыры күй, жан-жүрегі, арман – тілегі күй боп кеткен дәулескер күйші Дәулет Халықұлы, халқының ұланқайыр далада шашылып жатқан, көне көздермен бірге ғайып болғалы тұрған рухи мұраларын жию керек екенін ерте білді де, Қырғыз саптасы актер Баяқынды қасына алып, ән-күй жинап ұзақтан-ұзақ табанынан таусыла жол шекті. Ән-күй іздеп, шүлентаудағы Ақсайдан тартып, үш аймақтың даласында, Ерентаудың сай-саласында шықпаған төбесі, аспаған тауы қалмады. 3000 астам халық ән-күйін жинап, ноталастырып, 500 ден астам күйді қайталай орындап, радио-телевизияның және мәдениет зерттеу орнының алтын қорында қалдырды. «Күй қайнары» атты халық күйлері жинағын баспадан шығарды.

Батыстың төкпе күйін де, шығыстың шыңырау шертпе күйін де шебер орындай білген дауылпаз күйші Дәулет Халықұлы, қазақ халық күйлеріндегі алуан түрлі қағыстарды, жерлік ерекшелікке ие сарындарды, оң бұрау, сол бұраудағы күйлерді өз қалпы бойынша дамыта шертіп, кейінгі ұрпаққа аманат етті.

Дарабоз Нұрғисаны тамсандырып, «Алтын саусақ» күйші дегізген Дәулет Халықұлы, европаның тілшікті және басқа музика аспаптарымен орындалған шығармаларын, еліміздегі туысқан ұлттардың музикалық әуендерін қос ішекпен сайратып, қоңыр домбыраның құдыретін күллі әлемге әйгіледі. Ел ауызындағы «Домбыра-дәулет, дәулет-домбыра» деген сөздің қалуы әне содан болса керек.

Күй орындауда, бармақ пен сұқ саусақты елден ерек жұмсай білген Дәулет Халықұлы, шертпе күйдің шандозы, төкпе күйдің төресі бола жүріп, өзі де қыруар күй жаратты. Қара домбыраны 60 жыл серік еткен күйші, «Бақыт қайнары», «Ауылым»,  «Қос Шіңгіл»,  «Туған жер» қатарлы 20 астам күй шығарды. Даланың майда қоңыр самалындай жаныңды желпитін, халықтық сарыны басым күйлері ел жүрегіне, алты қат аспан, жеті қабат жерге сіңіп кеткен ұлы рух еді ғасыр биігідегі.

Дәулет Халықұлы аты, затына сай халықтың ұлы бола білді, сосын да туған елі, партия, ұйым еңбегін көріп, талай рет сыйлап, марапаттады. Даңық қуалаудан көрі, өмір бойы даңықты жұмыс істеуге құлшынған талантты күйші, 1956 жылы Шинжияңда тұңғыш өткен мәдениет байқауында 1 жүлдені жеңіп алса, келесі жылы Бейжиңде өткізілген бұхаралық мәдениет байқауына қатынасып, Маузыдұң бастаған мемлекет басшыларының қабылдауында болады. 1959 жылы батыс бес өлкенің Ши-ан қаласында өткен көркемөнер байқауында ерекше жүлдені, 1992 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен 11 кезекті халықаралық Картал фестивалында 1 дәрежелі сыйлықпен марапатталған күйші, «Жұңхуа ұлттарының және күллі адамзат музикасына үлес қосқан ардагер», «Іле қазақ автономиялы обылсының әдебиет-көркемөнер істеріне ерекше үлес қосушы»,  «Бейзаттық мұра-домбыра өнерінің мұрагері» сынды даңықты атақтардың да иесі.

2006 жылы, Шіңгіл аудандық партком халық үкіметі, қатысты орындардың қолдап-қуаттап, сәйкесуімен, оза шапқан өнердегі қос жүйірігі Құрманбек Зейтінғазыұлы мен Дәулет Халықұлының еңбегін құрметтеп, «Ақиық ақын, дауылпаз күйші» атты ғылми талқы, өнер кешін өткізіп берді.

Мемлекеттік 1-дәрежелі музикант, мемлекеттік музиканнтар қоғамы қатарлы көптеген орындардың мүшесі, қасиетті қара домбырасыз, күмбірлі күйсіз елестету қиын тұлғалардың бірі, қазақ күй өнерінің мәңгілік дәулеті 2008 жылы Қазанның бірі күні туған елімен қоштасып, бақилық сапарға аттанды. Өралтай төрінде күймен басталған ғұмыр, Жұңғардың жиегінде күймен аяқтады осылай.

Толқын анау, нота, әлде, пернеме?

Оны шерткен Дәулет шығар ерлене.

Алтын тиек арманы да,

Қос құлақ -

Тұлпары ма, тықыршыған кермеде?!

Тағдыр өзі танытқасын оң қабақ,

Тамырдан күй, бармақтан бал сорғалап.

Қара домбыра әр ұлт болып сөйледі,

«Алтын саусақ» Анкарада жорғалап!

Мал алмаған, домбыра алған әулеті,

Өнер болған әлмисақтан сәулеті.

Қанша қазақ сусындаса жетеді,

Қоңыр күйдің ортаймайтын дәулеті!

Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ, 2014

6alash ұсынады