Сөз басы

Алты ай жаз таулы Алтайға дым тамған жоқ,

Алтайдың асқар басын бұлт алған жоқ.

Адамның қанын ішкен бейбақ жерге,

Қаһарлы аспан ақырып ұрса алған жоқ.

Қазақтың құрым-жырым туырлығын,

Алты ай жаз таулы Алтайда қуырды күн.

Жауға аттанған ерлердің қарсы алдынан,

Қаптаған қалың шерік – шұбырды мұң.

Жер жұтты былдырлаған бұлақтарды,

Жел жұтты қуаң тартқан құрақтарды.

Алты ай бойы кемірді таулы Алтайда,

Мылтықтың ашты дауысы құлақтарды.

Қапалы қарағайлар үндемеді,

күн емес, қып-қызыл өрт күн дегені.

Сарғыш жайлау сағынып жатты білем,

Жаңбыр ма, жасын ба әлде бірдемені.

Алты ай жаз таулы Алтайға дым тамған жоқ,

Қара Ертіс ала жаздай буырқанған жоқ.

Сонда да елім деген есіл ердің,

Көңілінің аспанын кір шалған жоқ.

 1  

... Дала дауыл,

Бұлт жүзген қара аспанда алабауыр.

Қыс басы тесіп аққан жағалауы,

Әлдебір қаралы ауыл.

Бәлкім, бұл «қилы-қилы» деген заман,

«Кер баланың тосындай» кенен далаң.

Таңда аттанған азамат жауға қарсы,

Кеште айналып ауылға келе алмаған.

Қарт шаңырақ түсетін жамырап нұр,

Амалсыздан түңлігін жауып ап тұр.

Мұңлы ана, мұңлық ару аңырап тұр,

Арысы шаһит болған олар үшін ,

Адам толы ақ орда қаңырап тұр.

Сарбаздар соғыс міндет бөліскен соң,

Түнімен соғысуға келіскен соң.

Төрде отырған қарт сардар сөз бастады,

Аяттан соң, ұзақ бір көрістен соң.

– Қыршынымды қырықты жалмауыз жау,

Жыладық біз қайғы бұл жер бауырлар.

Шекесінен кетілді алмас қылыш,

Жетесінен жұқарды қандауырлар.

Жайлауды жау, қыстауды қар басқанда,

Өлім-өмір майданда арбасқанда.

Ер емес тұтас елге қайрат керек,

Көз жасымен көрістен жау қашқан ба?

«Қашам, көшем» сөзі бұл шарасы аздың,

Қаша көшсек алтайдан ары асармыз.

«Ағажайлап» Алтайдан ауар болсақ,

Ақ мекеннен мәңгіге адасармыз.

Айтқаным жоқ салтымда жоқтан жарлық,

Бабаларың қорғаған шоқпар қан қып.

Ақ мекен бұл ( жерің де, көрің де осы),

Атқан оқтан жалтарар, оттан қарғып.

Сахараның бейуаз құланы едік,

Бұрын да сан құдыққа құлап едік.

Бұрын да басымызға құрбақа ойнап,

Арысымыз мерт болып жылап едік.

Ат жалында ас ішіп, нар үстінде,

Талай ауыр күндерге шыдап едік.

Тұман емес сейілмей тұрып алар,

Мына күнде сол күннің бірі болар.

Шиң Шысай жау боп шапты өз еліне,

Толқын халық тағынан жұлып алар.

Сәлем айтып хат берем төменгі елге,

Оянар бүкіл халық сенем менде.

Алтай болып жабыла аттанайық,

Қаскүнем, қанға жерік жемеңгерге.

Аспан түйіп қабағын сұрланады,

Әр адамның жанарын мұң бағады.

Далада боран ұлып жынданады,

Тайни мен шерік өрген төменгі елге,

Кім білсін, тәуекел деп кім барады?

Жалғыз сәт долы боран тына қалды,

Жау ма әлде, бұл сапардың жырама алды?

Қайқы қылыш секілді үлкен сұрақ,

Әр адамның көңілінде тұра қалды.

Жүрегі аулақ қобалжу, үрейден де,

Кім барады, Сұлубай, Сүлеймен бе?

Кім барсын қабырғасы сөгілген ел,

Қол жайып сәтті сапар тілейді елге.

Далада дауыл қайта жатыр ұлып,

Жондарда қар көшеді сапырылып.

Бүркітбай жаймен ғана сөз бастады,

Бір ырғалып ақырын қақырынып.

– Батыр аз ба бабамның даласында,

Ел үшін ер бейнетке қарасын ба?

Ел отыр ерге сеніп, ермен еміп,

Екіталай күндердің таласында.

Төменгі елге хат алып мен барайын,

Қажынәби Үкірдай нағашым бар.

Біреу басын шұлғыды құптағандай,

Біреу үнсіз мүлгіді ұқпағандай.

Біреулер тәуекел деп от кешетін,

Бұл сапарға отырды жіп таға алмай.

– Барма, қолға түсесің, – деді біреу,

Сызат салып сардардың сеніміне.

Деді біреу: адамның көрі біреу,

Сақтық себеп болмайды өліміңе.

Әлдебір адамдарға шамданды ма?

Қаусырынып тұруға қарманды да.

Көзінде ыза-кектің оты жанып,

Былай деді иығын қомданды да.

– Жайлауымда жоқ менің жасандылық,

Қыстауымда жоқ менің қасаң күдік.

Түксиген түсі суық қиялардан,

Құлай шауып ержеткем асау мініп.

Ана Алтай мұнар мұңын басқа ораған,

Қара Ертістің бетінде жас бораған.

Сауыт киіп секіріп шығатындай,

Тосушы ем әлдекімді тас моладан.

Ұмытайын мұнар басқан неге түнді,

Түнгі ұран ұйқымды төрт бөлетін-ді.

(Ақыттай ғұламамды көгендеген,

Қалелдей арысымды шынжырлаған),

Шиң Шысайдың ең үлкен заңын бұзып,

Зынданында қартайғым келетін-ді.

Шегінбеймін туған ел торыққанда,

Жібермейді намысым қорыққанға.

Армансызбыз аттансам ақбоз мініп,

Басым түзде қалатын жорықтарға.

Қырандар қыс аспанын көктеп өтсе,

Ұрандар ұжданымды көктеп өтсе.

Ерегесер күн туса екіталай,

Шақырамын жауымды жекпе-жекке.

Ғайшамды сағынармын санап ай-күн.

.............................

 2 

Дала жатты ақ қармен аруланып,

Күн өлді батыс тауға қанын жағып.

Қос жолаушы еңкейді қара Ертіске,

сол кезде мінген аты сабындалып.

Тыныштық басып таудың сайын мүлдем,

Мүлги қалды беттегі қайың, бүрген.

Екі аттының тұсынан шыға келді,

Аппақ шал көкбөрі ертіп, аю мінген.

Шошынып оянғандай түстерінен,

Күбірлеп иман айтты іштерінен.

Екі атта құлақ тігіп кілт тоқтады,

Бет жақтан төнгенде әлгі үстерінен.

– Жорықта сүрінбесін қазанаттар,

Жортқанда жолың болсын, азаматтар.

Жолдасың қызыр болсын, азаматтар,

Қолдасын ғайып ерен, азаматтар.

Қолдасын қырық шілтен, азаматтар,

Жаймасын жарың шашын қара мақпал,

Артыңда сенген елің аңырамасын.

Тілек еттім.

Мен бабаң Торғайтымын (1),

Білесің бе? Мені пірім көкбөрі қорғайтынын.

Білесің бе? желтоқсан сапар айы,

Бұл айда сапар шеккен сорлайтынын.

Білесің бе қалжадан басқа тойды,

желтоқсанда жасауға болмайтынын.

Білесің бе?........

Қайран қара босаға біз аттаған,

Келін болып Ғайшадай қыз аттаған.

Жауға қарсы шабарда сызаттаған,

Ұзақ қалды-ау

Желтоқсанда жандардың жолға шыққан,

Ең берісі сапары ұзақтаған.

Жолыңа тәңір не сый шегеледі,

Ертеңгі ататын таң не береді.

Желтоқсанда ауылға шаппағанда,

Жауға да аттанбасаң керек еді.

Тағы да талай ұрпақ адасады-ау,

Аруағым тұра алар ма арашаға.

Бағзының батырлары қайтады екен,

Жорықтан қарашада.

Бабамыздың бабасы ырымдаған,

Сақтан қалған дәстүрді кім ұрлаған?

Кейін қайтсаң жақсы еді

Қайтпайсың-ау,

Ер екенсің кезенсең бұрылмаған.

«Қилы-қилы заман болар»,

Деген осы «заң тозып жаман болар».

Алтайдың қарағайын шортан шалар,

Кім білсін тәңір қолдап аман болар,

Кім білсін елің ауып, далаң қалар.

Арасанда аян көргем сарала күз,

Болады аспан бұлтты, далада мұз.

Қорғасын құм боп борап ауылыңа,

Төбеңнен темір шортан салады ауыз.

Сәлемде ел-жұртыма мықты болсын!

Жарда жалғыз қурайды жел үреді,

Жер еді тау қоршаған төңірегі.

Ақ киген аппақ қудай ақ қария,

Ақ қардан азар ғана көрінеді.

Жарқылдайды жанары кек оты ма?

Түзге жаққан томардың шоқ оты ма?

Бөрісі мен қарап ап аюына,

Бүркітбайдың қарады көк атына.

– Келсап сирақ, келі сан, бөрі кеуде,

Жаны барда тастамас сені жерге.

Құндыз жон, құлан тұяқ ақ көк атты,

Жарайды екен салуға сеніп ерге.

Қарамай арығына, жауырына,

Төрт аяғы ойнаған бауырына.

Жарайды, жарар жауға баруыңа,

Жалғыз-ақ жанарында жас табы бар,

Зар жолды-ау жұлдыз түскен сауырына.

Жолықтым жолым түсіп мен шалғайдан,

Қарағым дәм татарсың ертең қайдан?

Көпқатын (2) мына жатқан жазым өткел,

Өтіңдер өрлеп барып Көркембайдан(3).

Тентек суға ағысы мақтан егес,

Қара Ертіс алты ай қыста қатқан емес.

Толқыны сирағыңды сындырады,

Гүрілі құлағыңды тұндырады.

Соны айтып тал бұйданы сілкіп қалды,

Аюы асты қырдан ыршып барып.

Қалай бұл? Анық көрген түс сияқты,

Ұмытыла бастаған іс сияқты.

3                               

Шірікши (4) нар шиІнен нар адасқан,

Аң адасқан ізінен жаза басса.

Ешкісі мен елігі бірге жусап,

Жылқысы мен құланы араласқан.

Самалы саумал сынды суы балдай,

Бұл өлкенің тірлігі суынғандай.

Бір адамынан бір адам қорыққандай,

Бір ауылдан бір ауыл тығылғандай.

Сарсүмбе (5) өкіметтен ұқтыру бар:

(халықты бұқтыруда)

Той тұрмақ өлімге ел топталмасын,

Топталғандар тарта алмас оқтан басын.

Өр Алтайға барғандар қолға алынсын,

Қарсыласса атылсын, жоқталмасын.

Әр ауыл ие болсын өрісіне,

Әр адам ие болсын өз ісіне.

Екі жүз қой сыйлық бар мәлімдесін,

Өр жақтан банды келсе ел ішіне.

Төбедей үй, төрде бай жамбастаған,

Кәрі төбеттен аумайды жем жастаған.

Баласыз, екі әйелмен үшеу ғана,

Ақ үйді мола дерсің жан баспаған.

Мың қойды іргедегі маңыраған,

Мың жылқыны иесі танымаған.

Ақбоз үйді күн нұры жамыраған,

Дер едің бір сәбиден адыра қал.

Дегендей жауыздықтан мен ғана ада,

Күн тұрды күле қарап кең далаға.

Жылқышы жыртық ауыз шауып жетті,

Бесінде «берекелі» сол молаға.

Жыртық ауыз жүзінен күлкі қашқан,

Былай деді есікті жұлқып ашқан.

– Шоқайдың (6)мешітіне таман барды,

Екі банды біреуі мылтық асқан.

Кәрі төбет ыршып тұрды орынынан,

Аң көргендей Алтайдың қорымынан.

– Олжаны қоя берем көріп неге,

Жина ауылды, мәлімде шеріктерге.

4

«.............

Көк ат міндім тағалап,

Мұзбен шаптым жағалап.

Шірікшиге келгенде,

Ұстап алды қамалап.

Дөлбержіннің (7) басында,

Жосатының (8) қасында.

Қолға түсіп қор болдым,

Отыз жеті жасымда........»

Күйзелген мұңлы, асқақ ғажап әнге,

Білмеймін аз адам ба, бар адам ба?

(Жиналған қала халқы жаза алаңға)

Халықтың да жүрегін кемірді ме?

Тат кісен Бүркітбайды қажағанда.

Ән қақты мұңлы аспанда зар қанатын,

(Тас абақты көрден де тар болатын).

Бүркітбайды байлаған кендір арқан,

Халықтың да мойынында бар болатын.

Топырағын сүйе жүріп аңдаған ба ел,

Ұлының қанын жұтып сорлаған жер.

Қаптаған жау тізесін бүге алмаған,

Батырды жалғыз мырыш жалмаған жер,

Ақынды жалғыз мырыш жалмаған жер.

Нұрмен жуып тазартқан таң ғұлама,

(Аспанында сол әуен жаңғыра ма).

Сәрсүмбе ой, Ғайшаны күңіренткен,

кеше қанды, бүгінгі сәнді қала.

– Туған елім адастың мен балаңнан,

Қапияда адастым кең даламнан.

Адастым мәңгілікке,

«Асыл жарым алаштан таңдап алғам».

Алды жау, әлі жетті жанымды алды,

Сарсүмбе аспанында зарым қалды.

Көктем қалды келмеген – мен көретін,

Қызықтап мен кешетін сағым қалды.

Сұрақшы екі ай болды мазамды алды,

Көрмеген жалғыз тал оқ жазам қалды.

«Оқ алдыңнан тисін» деп бата берген,

Аңырап арт жағымда анам қалды.

Ұрысы сырласымдай елім қалды,

Бөрісі құрдасымдай далам қалды.

Жеңер ел, мен онда елден алыс қалам,

Жайымды әнім айтар табыстағам.

Өкінбеймін!

Жауымның арасында мені ұстаған,

Қандасым күліп тұрды намыстанам,

Әрі ойланам.....

«...Темір сауыт қапсырдым,

Бағила (9) мен Ғайшаны (10),

Елім, саған тапсырдым.

Аңыраған елімді ерлеріме тапсырдым,

Еңіреген ерлерді тәңіріме тапсырдым».

Мұңлы әнімен мұнарланып дала жатты,

....қала жатты.

Шаңқ еткен дауыс шығып бір тал мырыш,

Артынан ажал айдап бара жатты,

Қайран ерге....

Әділбек ЖӘКЕЙ

****

(1) Торғайты – Алтай өңірінде жасаған әулие. Аңыздарда аңға мініп жүреді делінген.

(2) (3) (4) (5) (7) (8) – жер аттары

(6) Шоқай қажы – Алтай өңірінде өткен діндәр адам.

(9) Бағила- Бүркітбайдың 1-әйелінен қалған бала.

(10) Ғайша – Бүркітбайдың бәйбішесі өлген соң алған екінші әйелі.